ОҚМПУ СТУДЕНТТЕРІ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ПАТРИОТТЫҚ ДИКТАНТҚА ҚАТЫСТЫ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері ҚР Ғылым және жоғары министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық патриоттық диктантқа қатысты.

Студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдап, елжанды ұрпақ тәрбиелеу міндетін көздеген ел көлемінде өткен іс-шара 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне арналды.

Ереже талаптарына сәйкес бір мезетте өткен диктантқа университеттің 6 факультетіндегі 20 кафедраның білім алушылары қатысып, мемлекет тәуелсіздігінің қымбат қазынасын, ұлттық құндылықтардың мән-мазмұнын суреттеп, туған ел мен жердің қадірі, жастардың саналы білім алып, Отанымыздың айбынды перзенті болып өсіп-өнуі жөнінде шығарма желісін орындады.

Жалпыұлттық партиоттық акцияға қатысу арқылы студенттеріміз мемлекеттік тұрғыдағы ортақ мақсат пен бір мүдде аясына топтасуға даяр екендіктерін көрсетіп, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің коммуникативтік әлеуетін арттыруға, тіл көркемдігін насихаттауға үлестерін қосты.

Айта кету керек, қазақ тілі бүгінде Шымкент қаласының тұрғындарын біріктіруші маңызды факторға айналған. Қала тұрғындарының 93 пайызы мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, ортақ тілде мәміле жасай алады. Жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардағы құжат айналымы толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті өңірдегі педагогикалық мамандар даярлайтын негізгі оқу орны ретінде қазақ тілін жетік меңгерген ұстаздар шоғырын тәрбиелеп шығаруда. Университет түлектері өңірдегі 3 мыңға жуық білім беру ұйымдарында қызмет атқарады, олардың 90 пайызға жуығы – қазақ тілді мектептер.