«Көктем шапағаты» республикалық пікірсайыс турнир өтті

2023 жылдың 1 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Көктем шапағаты» республикалық дәстүрлі пікірсайыс турнирі басталды. Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева сайыс қатысушыларының жігерін шыңдап, сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасының Президентінің жолдауын жастарға насихаттау, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеу, университет имиджін көтеру, басқа жоғары оқу орындарымен байланыс орнату мақсатында өтетін турнир «Болашақ» пікірсайыс орталығының 10 жылдығына арналады.

Турнирге Алматы, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облысы мен Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан және Түркия мемлекетінен жалпы 128 пікірсайысшы өз бағын сынауға келді. Турнир дәстүрлі түрде екі лигада өтеді - жоғары студенттер лигасы және 1 курс студенттерінен құралған жастар лигасы.

Сонымен қатар, биыл республикалық турнирде алғаш рет мектеп лигасы қатысады. Жалпы мектеп лигасына 40 фракция - 80 оқушы сайысқа түседі. Турнир нәтижесі бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйақы мен қазақ тіліндегі үздік кітаптар сыйға беріледі деп жоспарлануда.

Сайыстың ашылу салтанатына жиналған қауымға университет жастарынан құралған өнерпаздар әсем ән мен күміс күйден шашу шашты. Сайыс екі күнге жалғасады.