ҚАНЫШТАНУҒА ҚАДАМ

 

Биыл ғалым, әйгілі геолог Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толады. Осыған орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да ғылым апталығы аясында бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «дөңгелек үстел», семинарлар мен лекциялар өткізіліп, жастардың тұлғатануға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда.

Жаратылыстану факультетінің география кафедрасы өткізген «Ұлт тарихындағы Ұлы тұлға — Қ. Сәтбаевқа 125 жыл» атты ғылыми-әдістемелік семинарда арнайы бейнеролик көрсетіліп, тақырыпқа арналған баяндамалар тыңдалды. Іс-шара соңы студенттердің қызықты интеллектуалдық ойынына жалғасты.

Сондай-ақ, студенттердің дәстүрлі республикалық ХІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясының секциялық мәжілістері ұйымдастырылуда. Тарих мұғалімін даярлау және Тарих-дінтану мұғалімін даярлау білім беру бағдарламаларының студенттері семинар өткізді.

«Аталмыш шаралар студенттердің қызығушылығын оятып, қазақ ғалымдары туралы ашылмаған жаңалықтар жастардың жаңашыл көзқарасы, ізденісімен тұлғатануға үлес қосады деген сенім бар. Ғылыми ізденіс жұмыстарының қорытындысы бойынша жеңімпаздар 15-сәуір күні марапатталады» дейді ғылыми зерттеулер департаментінің директоры Ақмарал Тәжекова.