ТАЛАНТТАРЫМЫЗ ТОП ЖАРДЫ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Өнер және білім факультеті», музыкалық білім кафедрасының 1-курс студенті Арслан Тастанбек Испанияда өткен музыкалық аспапта орындаушылар байқауында бірінші орынды жеңіп алды! Аталмыш байқауға Арслан В.Грушевскийдің «Токката №2» классикалық туындысын орындап, видео жолдаған.
Баянды құйқылжытқан таланттың өнерін бағалаған әлемдік музыка мамандары Арсланның шеберлігіне тәнті болып, тиісті 100 баллдың 98 ұпайын еншісіне салды. Жетекшісі — аға оқытушы Сәбит Дүйсебаев.
Бүгін сондай-ақ, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ «Тұмар» би ансамблі ХY Ұлттық Дельфий ойындары өңірлік кезеңінде жүлделі 3-орынды жеңіп алғаны туралы жағымды жаңалық орын алды. Сайысқа Түркістан, Тараз, Шымкент қалаларының сайдың сақа тасындай мыңбұралған бишілерінен құралған барлығы 42 үміткер қатысты. Бұл жеңістің ерекшелігі — педагогикалық мамандықта оқитын арулардан құралған «Тұмар» тобы кәсіби бишілерден оқ бойы озық көрінді. Жетекшісі — белгілі хореограф маман Ләззат Ергебекова.
Жеңімпаздарды университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева қабылдап, сәттілік тіледі. «Тұмар» би тобына былтыр жаңа костюм тіккізіп бердік, әлем өнер арқылы әдемілікке, әсемдікке ұмтылады. Алдағы уақытта да қолдауға дайынбыз және халықаралық жарыстарды бағындыра беріңіздер» деп алғыс білдірді Гүлжан Дәулетбекқызы.