ҚАҢЛЫ ДӘУІРІНЕ «QALAM» -мен САЯХАТ

Әлем тарихы мен мәдениетінің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі көрінісін сипаттайтын «QALAM» жаңа мультимедиялық жобасы жақында Түркістан қаласы, Фараб кітапханасында арнайы дәріс өткізді.

«QALAM дәрісханасы» жобасының алғашқы спикері болып Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкин шақырылды. Қатысушылар «Ежелгі Түркістан сырлары. Ұлы Жібек жолындағы Орталық Еуразияның ежелгі өркениеттер жүйесіндегі Қаңлы мемлекеті»дәріс тақырыбы бойынша ғалыммен бірге 2000 жыл бұрынғы қуатты Қаңлы мемлекетіне саяхат жасады.

Тарихи мемлекет Ұлы Жібек жолында Орталық Еуразияда үлкен рөл атқарды. Қаңлы мемлекеті өркениеттік жетістіктері бойынша ежелгі дәуірдегі ұлы империялардың қатарында тұрды. Дәріске қатысушылар сондай-ақ, ата-бабаларымыздың өмірі мен олардың немен айналысқаны, Түркістан өлкесіндегі төбелер мен қорғандар құпиясы туралы деректерге қанықты.

Жобаның басты ерекшелігі – негізгі материалдарды (дәріс курстары, мақалалар) Қазақстаннан басқа да, Канададан бастап, Оңтүстік Кореяға дейінгі елдердің кәсіби тарихшылары мен жазушылары дайындайды. Александр Подушкин сондай-ақ, керамикалық кірпіш тақтайшалардағы ерекше жазу, оның шифрлануы және онда жасырылған ата-бабаларымыздың өмірінен алынған құнды мәліметтер туралы әңгімеледі. Қаңлылардың көрнекті өнер туындылары мен бізге қалдырған мұрасы, алты ғасырға жуық тарихы бар, материалдық және рухани мәдениет саласындағы жетістіктер, діни идеялар, рәсімдер мен орасан зор тарихи-мәдениеті де тақырыпқа арқау болды.

Айта кетелік, Александр Николаевич көптеген тарихи жаңалықтардың авторы. Ол Қазақстан жерінен алғаш рет керамикалық кірпіш тастарға жазылған бірегей жазу үлгілерін, көне бейнелеу өнерінің жауһарларын және өткен дәуірден сыр шертетін басқа да жәдігерлерді тапқан.