КӨРШІ ЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАРДЫ ЖЕҢІЛДІКПЕН ОҚУҒА ШАҚЫРДЫ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ физика-математика факультетінің деканы Альмира ИБАШОВА мен өнер және білім факультетінің деканы Айдайқыз БАЙБАТШАЕВА Өзбекстан Республикасының Ташкент облысынан хабарлайды:

— Шетел азаматтарын және ҚР азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының тұлғаларын Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне білім алуға шақыру мақсатында кәсіби бағдар жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы кәсіби бағдар Ташкент облысының Бостандық ауданындағы 26,33,34,53 орта білім мектептерінен басталды.

Биыл мектеп бітіретін түлектерге тыңдаушы, бакалавриат, магистратура мен PhD білім беру бағдарламалары бойынша деректер айтылды. Университетпен қатар, жуырда ашылған Жүсіпбек Аймауыт атындағы колледж туралы да мәліметтер берілді. Кездесуде байқағанымыздай, шетелдік қандастарымыздың атамекенде жоғары білім алуға деген құштарлықтары зор. Тіпті, әр қазақтың баласының көзі жанып, бойында тарихи отанына келу туралы арман ұшқыны пайда болғанын сездік. Көрші елде балалар жастайынан кәсіпке бейім болып келеді. Сондықтан да болар, жоғары білім алуға деген ерекше ұмтылысы мен ынтасын олардың әрбір қойған сұрақтарынан байқадық.

Шетелдік мектептерді аралау кезінде кездескен кейбір мәселелер де жоқ емес. Оны университет басшылығымен кеңесе отырып, алдағы уақытта шешімін табуға болады деп ойлаймыз. Кәсіби бағдар жұмыстары бүгін Шыршық ауданында жалғасуда.