СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ — ЖЕҢІМПАЗ!

 

Түркістан қаласында 12-сәуір күні студенттік спорт лигасы басталды.

Аталмыш сайыста Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ спортшылары жеңімпаз атанды. Университет қоржынына ең үлкен ұпайды оқу орны жанындағы Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат мектебінің ойыншысы Рәбіл Аян салып, бірінші орынды жеңіп алды. Халықаралық жарыстарда чемпион болып үлгерген шахматшы физика-математика факультетінің студенті, ал жаттықтырушысы — Әбдіқадыр Яхияев.

Студенттік спорт лигасында сондай-ақ, Сымбат Нәлібек тоғызқұмалақ ойыны бойынша жекелей сында 2-орынды жеңіп алса, ерлер құрама командасы 3-орын тұғырынан көрінді. Ал, волейболдан қыздар және ұлдар командасы да бірдей 3-орынды иеленді.

Жеңімпаздарды Университет басқарма төрағасы–ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева қабылдап, құттықтады. Қабылдаудан кейін денешынықтыру және спорт факультетінің деканы Өмірәлі Тұрысқұлов және «Тұран» спорт клуб бөлімінің басшысы Ержан Балабаевпен бірге ортақ мәселелер талқыланды.