Алтынбеков Қосай Сұлтанұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан
облысы, Созақ ауданы, Алтынтау ауылында (бұрынғы Ленин колхозы) дүниеге келген.
1975 жылы Созақ ауданындағы Энгельс атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін
туған ауылында еңбек жолын бастаған. 1977-1979 жылдары Кеңес Армиясы қатарында
әскери қызметін атқарып келгеннен кейін 1983 жылға дейін Созақ ауданында
шаруашылық саласында еңбек еткен. 1983 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық
унивеситеттің филология факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы осы университетті
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, филолог, қазақ тілі мен
әдебиетінің оқытушысы біліктілігін иеленген. Академик Зейнолла Қабдоловтың
жетекшілігімен «Шыңғыс Айтматов және қазақ әдебиеті» деген тақырыпта дипломдық
жұмыс жазып, үздік қорғаған. Осы университетті бітірісімен ҚР Білім және ғылым
министрлігінің жолдамасымен Шымкент қаласындағы сол кездегі М.О.Әуезов атындағы
педагогика институтының (қазіргі Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке
жіберілді. Сол жылдан бері қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы
болып қызмет етіп келеді.
Алтынбеков Қосай Сұлтанұлы – 1986 жылы Чернобыль АЭС-ында
болған апат зардаптарын жоюға қатысқан Чернобыль ардагері. 2010 жылы филология ғылымдарының докторы,
профессор Ш.Ыбыраевтың жетекшілігімен «Көне түркі әдебиеті мен фольклордың
арақатынасы (Орхон жазбалары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация
қорғады. Бұл ғылыми еңбегі Ғылыми Кеңес мүшелері мен ғалымдар тарапынан жоғары
бағаға ие болды. Қ.Алтынбековтің жетекшілігімен ғылыми ізденіс жұмыстарын
жасаған бірнеше студент республикалық конкурстарда жүлделі орындарға ие болған.
Қ.Алтынбеков жоғары оқу орны студенттеріне арналған қазақ әдебиетінің тарихы
бойынша монография және 30-ға жуық оқу, оқу-әдістемелік құралдар мен көптеген
ғылыми және ғылыми танымдық мақалалардың авторы. Ол әр жылдары Республика
көлемінде өткізілген халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық
конференцияларға қатысып, ғылыми баяндамалар жасап келеді. Университетте ғылыми
конференциялардың өткізілуін ұйымдастыруға, конференция материалдарының жинағын
шығаруға басшылық жасап, редакторы ретінде де жұмыстар атқарып келеді.
Қ.Алтынбеков ұстаздық, тәлімгерлік қызметіндегі жетістіктер, ғылыми ізденіс
еңбектері үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті
қызметкері» төсбелгісімен, ҚР Білім және ғылым министрінің алғыс хаттарымен,
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі мен облыстық мәслихатының алғыс хат,
құрмет грамоталарымен, бірнеше рет ОҚМПУ ректорының, филология факультеті
деканының құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен, Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институтына 80 жыл төсбелгісімен марапатталған.
Чернобыль АЭС-ында болған апат зардаптарын жоюға қатысқаны үшін БЛКЖО (ВЛКСМ)
Орталық Комитетінің, Украина КП Орталық Комитетінің, Украина ЛКЖО Орталық
Комитетінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Оңтүстік Қазақстан
Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің төсбелгілерімен, алғыс хаттарымен, ҚР
«Чернобыль одағы» қоғамдық ұйымының естелік медальдарымен, төсбелгілерімен,
алғыс хаттарымен марапатталған.