ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ МЕКЕМЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
*Заң мен тәртіп
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде құқық қорғау мекемесі қызметкерлерімен кездесу жиыны өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Сержан Айнабеков, Шымкент қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Еділ Байжанов қатысты. Кездесуді университеттің Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек жүргізді.
Кездесу барысында сөз алған Сержан Айнабеков жастарға заң талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті.
— Қазіргі қоғамда құқықтық сауаттылық әр азамат үшін аса маңызды. Заңды білу – өз құқығыңды қорғау ғана емес, өзгеге зиян келтірмеудің де кепілі. Жасанды интеллект дамыған сайын алаяқтардың да айласы күшейіп келеді. Олар адамның дауысын салып, бейнесін өзгертіп, түрлі жалған ұсыныстар арқылы сенімге кіреді. Әсіресе жастарды «жеңіл ақша» табуға шақырып, қылмысқа итермелейтін жағдайлар көбейді. Егер сізге қысқа уақытта мол табыс табуға уәде етсе, ойланыңыз. Оңай жерде батпанқұйрық жатпайды. Қаржылық пирамидаларға ақша салу – өз болашағыңызға қауіп төндіру, — деп ескертті мамандар. Сондай-ақ, банк карталарының қауіпсіздігі де сөз болды.
— Бөгде адамдардың өтінішімен өзге есепшоттарға ақша аудармаңыздар. Банк те, полиция да ешқашан телефон арқылы несие алуды талап етпейді. Көп жағдайда алаяқтар WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін қызметкер ретінде таныстырады, — дейді кездесу қонақтары. Бүгінде киберқылмысқа қарсы арнайы басқармалар жұмыс істейді. Кей азаматтар, студенттер достарының өтінішімен банктен несие алып, алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, бар мүлкінен айырылып опық жеп жатады. Қаржылық сауаттылық – бүгінгі күннің талабы. Әр қадамыңызды ойланып басыңыз. Жеңіл жолмен келген табыс баянды болмайды, ал шынайы жетістік тек адал еңбекпен келеді, — деп қорытындылады спикерлер. Кездесу соңында студенттер сұрақ қойып, құқықтық және қаржылық қауіпсіздікке қатысты тұщымды жауаптар алды.
Осыған ұқсас
ҚОРЖЫНДА — ҚОС БАС ЖҮЛДЕ!
«ЖӘНІБЕКОВ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҰЛТ ТӘРБИЕСІ» АРУЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
САМАРҚАНД МЕМЛЕКЕТТІК ИНСТИТУТЫНЫҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ДӘРІС ОҚИДЫ
«ҚАЗАҚТЫҢ ДОСТАРЫ МЕН ҚАСТАРЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ҚҰБЫЛЫСЫ: ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері арасында «Наурыз» мерекесіне арналған ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстың ережесі
G1 ГУМАНОИД РОБОТЫ ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
«Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - Ректоры бос лауазымына конкурс
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ИНЖЕНЕРЛІК ЖОБАДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН!