Zhanibekov university logo

«ҚАЗАҚСТАН» МӘЖІЛІС ЗАЛЫ ҚАЙТА ЖАҢАРТЫЛДЫ

25 Ақпан 2026, 15:23
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ «Қазақстан» мәжіліс залында жақында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, мәдениет ошағының келбеті жаңа талапқа сай өзгертілді. Акт зал қабырғалары дыбыс жұтқыш материалдармен қапталып, көрермендерге арналған жаңа кресло-орындықтар ауыстырылды. Дыбыс-жарық шығаратын заманауи аппараттар орнатылып, үлкен LED экран, кинотеатр экран қойылды. Университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаевтың тікелей бастамасымен қайта жаңартылған мәжіліс залының сахна шымылдығы араға уақыт салып бүгін «Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық мәдени мұраны жаңғыртушы тұлға» атты әдеби-сазды кешпен ашылды.

Рухани кеш Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына арналды. Тағылымды шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалымның өмір жолы мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегі кеңінен насихатталды. «Өзбекәлі Жәнібеков – ұлт мәдениетін ұлықтаған тұлға» тақырыбындағы бейнефильм назарға ұсынылып, театр үйірмесінің сахналық қойылымымен жалғасты. Қойылымды актриса Мукарама Ибатулина жетекшілік ететін шығармашылық ұжым сахналады. Салтанатты жиында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Басқарма төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы Әлібек Нұрбайұлы Нұртаев құттықтау сөз сөйлеп, ғалымның ұлттық мәдениет пен рухани мұраны жаңғыртудағы еңбегіне тоқталды.

— Құрметті бүгінгі жиынға қатысып отырған қонақтар мен оқытушы-профессорлар, студенттер! Биыл Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай 95 іс-шара өткізуді қолға алдық. Тұлғаның еңбек жолын бейнефильмнен көргендеріңіздей, ауыл топырағынан шыққан қарадомалақ бала азамат болып өсіп, ел тұтқасына айналған ұлылардай өшпес із қалдырды. Осы шараларды өткізу мақсатымыз да тұлға еңбектерін жастарға насихаттауға арналған. Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі білім алушылар оқу-ғылыммен айналысу үшін оларға жағдай жасалуы тиіс. Былтыр жыл соңында бірнеше аудиториялар жөндеуден өткізіліп, өздеріңіз отырған осы «Қазақстан» мәжіліс залында да қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі 95 жылдықтың аясында атқарылып жатқан игі істер. Өзбекәлі Жәнібеков сияқты тұлғалар сіздердің араларыңыздан да шығады деп сенеміз, —деді Әлібек Нұрбайұлы.

 Кеш барысында халық әні «Гаухартас» шырқалып, «Тұмар» би ансамблі «Шашу» биін биледі. Сонымен қатар студенттер мен өнерпаздар ақын-жазушылардың Өзбекәлі Жәнібеков туралы жүрекжарды жырларын оқып, естеліктерін бөлісті. Әдеби-сазды кеш әсем әнмен қорытындыланып, жас ұрпаққа тағылымы мол рухани шараға айналды.