АЛТЫН ҰЯҒА 60 ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШПЕН КЕЛДІ
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-ды бітіргеніне 60-жылдан асқан ардагер түлектер бүгін университетте басқосты. «Алтын ұяға – 60 жылдық сағынышпен» атты тағылымды кездесу ардагер ұстаздарды құрметтеу, түлектермен байланысты нығайту және кейінгі буынға аға ұрпақтың өнегелі жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұдан кейін кездесуге қатысушылар ардагер ұстаз Қапира Сәдуақасова атындағы аудиторияға барып, студенттік жылдарын еске алды. Аталған аудитория университеттің 1966 жылғы түлегі, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Сексенбай Тұрысбековтің ұлы Мағауия Тұрысбековтің демеушілігімен күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталған. Жаңартылған аудитория наурыз айында ашылған болатын.
Кездесуді Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев құттықтау сөзімен ашып, іс-шараға модераторлық етті. Алпыс жылдық сағынышқа арналған басқосудың әсерін айтыс үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия домбырамен арнау арқылы жеткізді. Тағылымды шараға Қазақстанның білім беру саласының ардагерлері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, партия-комсомол қызметтерінің ардагері, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Раиса Ахметова, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Сексенбай Тұрысбеков, Арыс және Созақ аудандарының, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Ұлықпан Бәшен, Сарыағаш ауданы мен Түркістан облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының I және II шақырылымдарының депутаты (1997–2002), Оңтүстік Қазақстан облысы Білім беру департаментінің бұрынғы басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері, педагог Сайлаукүл Барахова болды.
Кездесу барысында ардагерлер өздерінің өмір жолы мен еңбек тәжірибесі туралы әңгімелеп, білім ордасының тағдырындағы және өз өмірлеріндегі университеттің орнына тоқталды. Олар студенттік шақтағы естеліктерімен бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңестерін жеткізді. Өз кезегінде студенттер қонақтарға көкейдегі сұрақтарын қойып, өнерлерін ортаға салды. Филология факультеті жанындағы "Алқа" әдеби бірлестігі шығармашылық композиция ұсынып, ардақты ардагер аналарға сый-құрмет көрсетті. «Алтын ұяға – 60 жылдық сағынышпен» атты кездесу аға буынның өнегелі жолын кейінгі ұрпақпен сабақтастырған, ұстаз еңбегін ұлықтаған және университет тарихына деген құрметті арттырған тағылымды басқосу болды.

Осыған ұқсас
ХАБАРЛАНДЫРУ 19.10.2026
ҮНДІСТАНДЫҚ ҒАЛЫММЕН СҰХБАТ: «ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЭТИКА ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК»
ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІ — АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ МҮШЕЛІГІНЕ ҚАБЫЛДАНДЫ
«КӘСІБИ ЖӘНЕ МАНСАПТЫҚ ДАМУДЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ШАҚЫРАМЫЗ!
ҰЙЫМДАР МЕН ҮЙІРМЕЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
МАЛАЙЗИЯНЫҢ САБАХ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ
«ҰСТАЗ – ӨМІРДІҢ ШАМШЫРАҒЫ»: ЖОҒАРЫ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
ЖАҢА ҒИМАРАТТА СТУДЕНТТЕР АСХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Университет ғалымы ICAAM 2026 халықаралық ғылыми конференциясында