«SHE RUG 2026»: ДӘСТҮР МЕН КӘСІПТІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «SHE RUG 2026» көрмесі және «Өзбекәлі Жәнібеков және Қазақстандағы кілем тоқу дәстүрі» тақырыбында ғылыми-танымдық семинар өтті.
Ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, дәстүрлі қолөнерді жаңғыртуға және оны заманауи өнермен ұштастыруға бағытталған шараға өнер зерттеушілері, қолөнер шеберлері, суретшілер, оқытушылар мен студенттер қатысты. Жиынның ашылуында университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы дамыту және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау міндеттерімен ұлттық қолөнерді дамытудың өзара байланысын атап өтті.
— Біздің мақсатымыз – студенттерге ұлттық өнерді таныстырып қана қоймай, оны болашақ кәсібіне айналдыруға жол ашу. Қазірдің өзінде қолөнерге қызығатын жастардың арасында жеке кілем тоқу, киім тігу цехтарын ашып, өз өнімдерін шығаруға ниетті студенттер бар. Біз олардың бұл бастамаларын қолдауға дайынбыз. Мұндай жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, жастардың кәсіп бастауына қажетті жағдай жасауға атсалысамыз. Өйткені ұлттық өнер дамыса, одан жаңа кәсіп, жаңа жұмыс орны, жаңа мүмкіндік қалыптасады», – деді Қайрат Рақымұлы.
Семинарда Өзбекәлі Жәнібеков орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Оразбаева «Өзбекәлі Жәнібековтің дәстүрлі мәдениетті зерттеу және жаңғырту бағытындағы мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, қайраткердің ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы еңбегін кеңінен таныстырды. Ал суретші, гобелен шебері, PhD, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәлік Флоберұлы студенттерге арналған практикалық шеберлік сабағында гобелен өнеріндегі тәңіршілдік мәдениетінің символдары мен бейнелеріне тоқталды. Суретші және текстиль шебері Гүлжаһан Оңғарова мен Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, сәндік-қолданбалы өнер суретшісі Айгүл Қырықбаева гобелен өнерінің тарихы мен көркемдік ерекшеліктерін таныстырып, студенттермен тәжірибе алмасты. «SHE RUG» көрмесінің негізін қалаушы әрі кураторы, ShyraQ компаниясының директоры Сандуғаш Бейсенбекова дәстүр мен заманауи дизайнның сабақтастығы, кілем тоқу өнерінің қазіргі интерьердегі және шығармашылық индустриялардағы орны туралы баяндады. Сонымен қатар Айгүл Қырықбаева қазақтың дәстүрлі кілем тоқу техникасын көрсетіп, ұлттық қолөнердің орындалу ерекшеліктерімен бөлісті. Практикалық сабақтар барысында студенттер дәстүрлі өнердің қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік алды. Шара соңында Мұра ұлттық ғылыми орталығының қызметі таныстырылып, ұлттық мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Осыған ұқсас
ҒАСЫР ҒҰМЫРЛЫ ҰСТАЗДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЮНИСЕФ ӨКІЛДЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
СТУДЕНТТЕР АУЫЛ ӘЖЕЛЕРІНЕН КІЛЕМ ТОҚУДЫ ҮЙРЕНЕДІ
БИОЛОГИЯ МАГИСТРАНТТАРЫНА ИННОВАЦИЯЛЫҚ АШЫҚ САБАҚ ӨТКІЗДІ
ZHANIBEKOV UNIVERSITY QS ASIA UNIVERSITY RANKINGS 2027 РЕЙТИНГІНДЕ
ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПЕН «ДАМУ ДАРА БАЛА» МЕКТЕБІ ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТАДЫ
ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ҚОЛДАУ — ҒЫЛЫМҒА СЕРПІН
ОҚПУ ЗЕРТТЕУШІСІ ӘСКЕРИ КАФЕДРАҒА ОҚЫТУШЫЛАРЫНА ДӘРІС ОҚЫДЫ
«АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТҮСІНДІРУ ІС-ШАРАСЫ ӨТКІЗІЛДІ