Zhanibekov university logo

ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ PHD ДӘРЕЖЕСІНЕ ИЕ БОЛДЫ!

11 Қараша 2026, 12:08
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ғылым жолындағы ізденушілердің еңбегі жоғары бағаланды. Университет жанындағы диссертациялық кеңесте диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғаған Нұрлан Қаратаев пен Алтынбек Сансызбаевқа ҚР Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің бұйрығына сәйкес философия докторы (PhD) дәрежесі берілді.

Нұрлан Сағынбекұлы 8D01503 – «Информатика педагогін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша «Бастауыш сынып оқушыларына робототехниканы цифрлық құралдарды пайдаланып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында диссертация қорғады. Ал Алтынбек Серікұлы 8D01501 – «Математика педагогін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша «Мектеп математикасында ұғымдар мен олардың жүйелерін қалыптастыруда геймификация элементтерін қолдану технологиясы» тақырыбындағы ғылыми зерттеу жұмысын сәтті қорғады.

Ғылыми жұмыстардың сапалы орындалуына отандық және шетелдік ғылыми кеңесшілер зор үлес қосты. Атап айтқанда, Қаратаев Нұрланның отандық ғылыми кеңесшісі – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Альмира Ибашова, шетелдік ғылыми кеңесшісі – Түркияның Гази университетінің профессоры Халил Ибрагим Бүлбүл. Сансызбаев Алтынбектің отандық ғылыми кеңесшісі – педагогика ғылымдарының докторы, доцент Роза Қадырбаева, шетелдік ғылыми кеңесшісі – Түркияның Хаджеттепе университетінің профессоры Шенол Дост. Аталған ғылыми жетістік – ізденушілердің табанды еңбегі мен ғылыми ізденісінің, жетекшілердің кәсіби қолдауының және диссертациялық кеңестің жүйелі жұмысының нәтижесі.