Zhanibekov university logo

ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ ЭТИКАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

24 Қараша 2026, 14:40
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру жолдары» атты республикалық семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты — қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы балабақшалар, педагогтер мен аналар қауымдастығының өзара ықпалдастығын айқындау.

Жиынды Республикалық Аналар алқасының төрағасы Нәзипа Шанаи ашып, тәрбиенің іргетасы отбасында қаланатынын және жас ұрпақ бойында ұлттық рухты қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Семинар барысында Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық» КММ басшысы Әбдез Иманқұлов буындар сабақтастығының өзектілігіне тоқталса, университет проректоры Баршагүл Исабек студенттердің рухани-адамгершілік тәрбиесі бағытындағы жұмыстармен бөлісті.

Жиынға қоғам қайраткерлері, Аналар алқасының өкілдері, білім сарапшылары мен университет оқытушылары және студенттері қатысты. Семинар Шымкент қалалық Аналар алқасының отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені жаңғыртуға арналған кеңейтілген отырысымен жалғасты. Іс-шаралар легін Шымкент қаласы Аналар алқасының төрағасы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ректорының кеңесшісі Гүлжан Сүгірбаева ұйымдастырды.