ЕРГӨБЕК ҚҰЛБЕК СӘРСЕНҰЛЫ
Әдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор, ҚРҰҒА-ның, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма мүшесі, «Парасат», «Құрмет» орденінің, Президент стипендиясының, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Құлбек Ергөбек 1952 жылы 26 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Ақынтоғай ауылында, Көксарай (Алтын орданың бір қаласы) шопан отбасында дүниеге келген. Алты жасында әкеден жетім қалды. Балтакөл елдімекенінде мектепке барды. Күйікасарда (Түркістан ауданы), Арыс қаласында оқуын жалғады. 8 сыныпты Арыс кеңшарында, орта мектепті Отырар ауданында аяқтады. Аудандағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген соң, ауданда дезинфектор болып жұмыс істеді. 1970-1975 жылдары Әл-Фараби /С.М.Киров/ атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін оқып, аяқтайды.
Қазақстан Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында (1975; 1990-92; 1997-99), Республикалық халық шығармашылығы үйінде (1976), «С.Мұқанов музей-үйінде», (1976-78; 1980-87 ж), «Лениншіл жас» («Жас алаш» 1978-80), «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан» 1987-90), «Ақиқат» (журнал), «Қазақ әдебиеті» басылымында журналист, Консерваторияда (доцент), ЖАК-та ғалым хатшы болып қызмет істеді.
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде (1992-2022) доцент, профессор, кафедра меңгеруші, декан, Президенттің ғылым істері жөніндегі орынбасары, 1-ші Вице-президент, Вице Президент – ҚР Білім және Ғылым министрі өкілі, 1999 жылдың қыркүйегінен Түркістан қаласы әкімінің руханият мәселелері жөніндегі орынбасары (1999), Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімі аппараты жетекшісінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі орынбасары, облыс әкімі кеңесшісі(1999-2003) болып қызмет атқарды.
Қазіргі таңда ғалым-сыншы Қ.Ергөбек Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті - ҚР Білім және Ғылым министрінің өкілі қызметін атқаруда.
Қ.Ергөбек әдеби процеске студент кезінен араласты. Талапты жастың ерте қанаттануына университет профессорлары — Б.Кенжебайұлы, Т.Кәкішұлы сынды үлкен жүректі ұстаздары ерекше ықпал етті. 1970 жылдардан әдеби сынға араласқан оның ағымдағы баспасөзде осы уақыт аралығында 1000-нан астам мақаласы, 60-тан астам кітабы жарық көрді. «Адасқандар ақиқаты», «Терең тамырлар» зерттеу-хикаялары кітап болып шықты. Ол әсіресе Сәбит Мұқанов өмірі мен шығармашылығын дендей зерттеген ғалым. Оның «Сәбит Мұқановтың мемориальдық музейі» (1977), «Жан жылуы» (1981), «Сәбит Мұқанов» (1989), «Жақсыдан қалған сөз» (1991), «Баянғұмыр» (1991), «Сәбит Мұқанов» (2000) «Жазушы шеберханасы» (2002), «Келбет» (2020) аталатын сын-зерттеу, монографиялық еңбектері қазақ әдебиеті классигі С.Мұқановтың шығармашылық тағдырына бағышталған.
Бірсыпыра жыл Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті кеңесін басқарған ол республикадағы осы саланың санаулы сыншы, зерттеушісінен саналады. Оның «Мейірім шуағы» (1985), «Өтебай Тұрманжанов» (1992) монографиясы, «Арыстар мен Ағыстар» (1-ші кітап. 2002), «Адамның бір қызығы бала деген...» (2021) сын кітабы, «Қазақ совет балалар жазушылары» (1990) анықтамалығы, «Сөзстан» (1985) жинағы, «Даланың алыбы мен ғалымы туралы туындылар» (Балалар әдебиеті кітапханасы), «Сылдырап аққан бұлақтай» (Шынашақ, 1992) алғысөздері мен көптеген мақалалары қазақ балалар әдебиеті мәселелерін қарастырады.
Қ.Ергөбек хат, күнделік, эссе, естелік секілді мемуарлық жанрдың да бірден-бір зерттеушісі. Назардан тыс қалып келе жатқан жанр үлгілерін тану, танытуда ол бірсыпыра еңбек етті. «Баянғұмыр» (1991), «Арыстар мен Ағыстар» (6-шы кітап. 2006), «Баянсөз» (2019) аталатын сын, зерттеу еңбектері қазақ әдебиетінің осындай назардан қаға беріс қалып келе жатқан мәселелеріне арналған.
Қазақ әдебиеттану ғылымында аз зерттелген саланың бірі — шығармашылық шеберханасы болса, Қ.Ергөбек бірсыпыра ғылыми еңбегін осы мәселеге арнаған. «Мөлдір махаббат» романының шығармашылық тарихы» (1991) аталатын кандидаттық, «С.Мұқановтың шығармашылық шеберханасы» (1995) аталатын докторлық диссертациясы, «Жан жылуы» (1981), «Сәбит Мұқанов» (1989), «Жақсыдан қалған сөз...» (1991), «Жазушы шеберханасы» (2003), «Келбет» (2020) ол қазақ әдебиеттану ғылымының осындай маңызды мәселелерін зерттеуге арнаған «Шыңғыс шыңы» (1998) - бауырлас қырғыз елінің шоң жазушысы Ш.Айтматов шығармашылық лабораториясын эпистолярлық жанр үлгілерін пайдалана отырып қарастырудың үлгісі.
Қ.Ергөбек — қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебінің иесі, көрнекті ғалым — Бейсембай Кенжебаевтың әдеби-рухани мұрагері саналады. Қазақ әдебиеті көне тарихын күллі түрік дүниесімен бірлікте қарастыру идеясын көтерген, сол үшін қуғын көрген ұлы зерттеуші Б.Кенжебаев әдеби мұрасын ыждағаттауда Қ.Ергөбек бірсыпыра іс атқаруда. Ғалымның әр жылдары жазған еңбектерін жинастырып, құрастырып, алғысөзін жазып, «Жылдар жемісі» /1984/, «Әдебиет белестері» /1987/, «Асау жүрек» /1995/ «Тымпи» /2003/, «Түрік қағанатынан бүгінге дейін» (2004,2010), «Асау жүрек»,(2003), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» /2004/ деген атпен кітап етіп бастырды. «Бейсембай Кенжебайұлы» (2004) био-библиографиялық көрсеткішін, Қаз МҰУ-дың «Өнегелі өмір» сериясы бойынша «Бейсембай Кенжебайұлы» (2013) аталатын танымдық-мемуарлық көлемді еңбекті құрастырып жарыққа шығарды.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқара жүріп, М.Базарбаев, С.Қирабаев жетекшілігімен қайта жазылған «Қазақ әдебиеті тарихы» аталатын ғылыми еңбекке арнайы тараулар жазды.
«ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» /2004/ оқу құралын, «Қазақтың мақал-мәтелдері» /2005/, «Шынашақ» (1992), «Сылдырап өңкей келісім» антологиясын, Ә.Тәжібаевтың үш томдығы (2009), М.Қаратаевтың бір томдығы (2010), Б.Кенжебаевтың бес томдығын (2014), «Бейсембай Кенжебайұлы» (2013) жинақ құрастырып, алғысөзбен жарыққа шығарды. Орыс ертегілерін, Молдаван жазушылары шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Мағжан», «Темірбек Жүргенов», «Әшірбек Сығай» деректі кино фильміне түскен.
«Арыстар мен Ағыстар» (2004-2007) аталатын алты томдық, «Түркістан жинағы» (2009-2015) аталатын жеті томдығы, «Өлеңсөз» (2012), «Сарасөз» (2013), «Қарасөз» (2013), «Дарасөз»(2014), «Баянсөз» (2019), «Баласөз» («Адамның бір қызығы бала деген...») (2021), атты алты томдық шығармалар жинағының, «Келбет» (2020), «Ұлтымыздың ұйытқысы» (2021), «Бабадан басталған жол» (2022) авторы.
Қ.Ергөбек бір жанрдың жай-күйін тұтас бір кітапта қарастыратын, тақырыптық сын кітабын жасаудың шебері. «Өлеңсөз» - тұтасымен қазақ поэзиясына, «Қарасөз» - қазақ прозасының жай-күйіне, «Баласөз» - қазақ балалар әдебиетіне, «Сарасөз» - әдебиеттану мен сын әлемін ашуға, «Дарасөз» - қазақтың деректі, «Баянсөз» деректі-ғұмырнамалық шығармаларының табиғатын ашуға арналған жұлын-жүйкесі тұтас тақырыптық әдеби сын кітаптары.
Шығармалары орыс, түрік, өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар, башқұрт, саха тілдеріне аударылып басылған.
Қазақ теледидары алтын қорында Қ.Ергөбектің «Сәбит Мұқанов», «Әбділда Тәжібаев», «Қаһарман, қаламгер» (Б.Момышұлы), «Бейсембай Кенжебайұлы», «Қарыз бен парыз» (соңғы саны), «Саттар Ерубаев», «Сыр-сұхбат», «Жансарай», «Сенбілік таң», «Келбет», «Сөнбес сәуле», «Көзкөрген...» секілді телехабарлары сақтаулы.
Қ.Ергөбек шығармашылығы жайында «Белес» (2003), «Асу» (2013), «Жетес» (2022) мақалалар, «Құлбек Ергөбек және қазіргі түркология мәселелері» (2014) халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар жинағы кітап болып жарық көрген. 2024 Мемлекеттік сыйлықтың иегері.