ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен ел болашағы үшін маңызды қоғамдық-саяси жиын өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын жан-жақты талқылау, оның қоғам мен мемлекет дамуына ықпалын кеңінен түсіндіру болды.
Жиын барысында сөз алған Сәрсен Абайұлы:
— ҚР жаңа Конституциясының жобасы — ел болашағына арналған берік қадам. Бұл тек құқықтық мәтін емес, халқымыздың болашағын айқындайтын іргелі құжат. Ол әділдікке, заң үстемдігіне, қоғамдық келісімге және тұрақты дамуға негізделген кемел қоғамның берік құқықтық іргетасы. Жаңа Конституцияның жобасын еліміздің тұрақты дамуына, әділ қоғам қалыптастыруға және болашақ ұрпақтың игілігіне бағытталған маңызды тарихи қадам деп санаймын, — дей келе, жаңа Заң жобасындағы адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы, қадір-қасиетті қорғау, әділ сотқа қол жеткізу, адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі, тағы басқа тармақтарды жан-жақты талдап, түсіндірді.
Басқосуда Мемлекет басшысы жария еткен саяси реформалардың түпкі мәні билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қорғауға бағытталғаны айтылды. Университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесхан Сманов, зиялы қауым өкілдері, оқытушы-профессорлар Құлбек Ергөбек пен Александр Подушкин, сондай-ақ белсенді жастар жаңа Конституция жобасының елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудағы рөлі туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Ал, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасын қолданыстағы Конституциямен салыстыра отырып, елдің құқықтық-саяси жүйесінде болуы мүмкін өзгерістерді жан-жақты талдап көрсетті. Бұл өзгерістердің қоғамның ашықтығы мен әділдігін арттыруға бағытталғаны ерекше атап өтілді.
Іс-шараны университеттің Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев жүргізді. Ол өз сөзінде Конституцияның 3-бабында білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтіп, бұл норма жоғары оқу орындарының ел болашағын қалыптастырудағы рөлін одан әрі күшейтетінін айтты. Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы Қазақстанның тұрақты дамуына, әділ қоғам қалыптастыруға және болашақ ұрпақтың игілігіне бағытталған маңызды тарихи қадам деген ортақ пікірге келді.


Осыған ұқсас
ХАБАРЛАНДЫРУ 19.10.2026
ҮНДІСТАНДЫҚ ҒАЛЫММЕН СҰХБАТ: «ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЭТИКА ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК»
ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІ — АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ МҮШЕЛІГІНЕ ҚАБЫЛДАНДЫ
«КӘСІБИ ЖӘНЕ МАНСАПТЫҚ ДАМУДЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ШАҚЫРАМЫЗ!
ҰЙЫМДАР МЕН ҮЙІРМЕЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
МАЛАЙЗИЯНЫҢ САБАХ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ
«ҰСТАЗ – ӨМІРДІҢ ШАМШЫРАҒЫ»: ЖОҒАРЫ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
ЖАҢА ҒИМАРАТТА СТУДЕНТТЕР АСХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Университет ғалымы ICAAM 2026 халықаралық ғылыми конференциясында