ҒАСЫР МЕРЕЙТОЙЫН ТОЙЛАҒАН ҒАЛЫМ ҚАПИРА СӘДУАҚАСОВА АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ғалым, ұлағатты ұстаз, аяулы жар, профессор Қапира Сәдуақасованың 100 жасқа толған мерейтойына арналған «Профессор Қапира Сәдуақасова атындағы “Ежелгі дүние тарихы” дәрісханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дәрісхана лентасын қоғам қайраткері Сексенбай Тұрысбеков пен ардагер-ұстаз Жүзбай Қырғызбаев қиып, Басқарма төрағасы – ректор м. а. Әлібек Нұртаев құттықтау сөз сөйледі. Ғасырға толған мерейтой иесінің ғибратты ғұмырын, білім саласындағы және шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ерен еңбегін баяндаған университет басшысы ғалым өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге екенін жеткізді.
Аталмыш дәрісхананы жөндеуден өткізіп, заман талабына сай жабдықтаған меценат, университет түлегі Мағауия Сексенбайұлының әкесі, қоғам қайраткері Сексенбай Тұрысбековке құрмет көрсетіліп, сый-сияпат тарту етілді. Тағылымды шараға Қапира Сәдуақасованың қызы Салтанат Тілеукеева, күйеу баласы Ерман Тұрсынбаев және әріптестері мен шәкірттері қатысты. Келген қонақтарға ғалымның өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметі жайлы бейнеролик көрсетілді. Белгілі ақын, «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия жырдан шашу шашса, дәстүрлі әнші Бекзат Сәкенұлы домбырамен терме орындап, насихат айтты.
Қапира апайдың әріптестері мен шәкірттері жүзге толған ұстаздарына ыстық ықыласқа толы жылы лебіздерін арнады. Осы оқу орнында оқып, қызмет етіп, өмірден өткен доцент С.Әбубәкіровтің жары Баян Байзақова, университеттің 1982 жылғы түлегі Ұлбосын Көмекбаева ұстаздарының сабақ беру әдістері, студенттерге деген қамқорлығы мен ғылыми еңбектері жайлы сөз етті. Іс-шара соңында қатысушылар профессор Қапира Сәдуақасованың есімі берілген «Ежелгі дүние тарихы» дәрісханасымен танысып, естелікке суретке түсті.



Осыған ұқсас
ХАБАРЛАНДЫРУ 19.10.2026
ҮНДІСТАНДЫҚ ҒАЛЫММЕН СҰХБАТ: «ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЭТИКА ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК»
ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІ — АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ МҮШЕЛІГІНЕ ҚАБЫЛДАНДЫ
«КӘСІБИ ЖӘНЕ МАНСАПТЫҚ ДАМУДЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ШАҚЫРАМЫЗ!
ҰЙЫМДАР МЕН ҮЙІРМЕЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
МАЛАЙЗИЯНЫҢ САБАХ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ
«ҰСТАЗ – ӨМІРДІҢ ШАМШЫРАҒЫ»: ЖОҒАРЫ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
ЖАҢА ҒИМАРАТТА СТУДЕНТТЕР АСХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Университет ғалымы ICAAM 2026 халықаралық ғылыми конференциясында