Музыка — жүрек тілі. Адамзаттың жансарайындағы асыл ойларын, сезімдер мен көңіл-күйін суреттейтін ғажайып дүние.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ «Өнер және білім» факультетінің музыкалық білім кафедрасының меңгерушісі Алена Досбағанбетова отыз жылға жуық ғұмырын осы бір кіршіксіз әлемге арнап келеді.
Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келген ол мектеп қабырғасында оқып жүріп домбыра шертті. Бесінші сыныптан бастап ұстазы Сағындық Сүлейменов құрған «Ақсүңгіл» оқушылар оркестрі құрамында өнер көрсетті. «Ақсүңгіл» ол кезде халықаралық жарыстардан қарсыластарына жүлде бермей, жергілікті телеарна хабарларына шақырылып жататын.
Мектепті бітірген өнерлі қыздың арманы ару Алматыға барып, консерваторияда оқу еді. Бірақ, қызының қолынан жетелеп Шымкентке әкелген әке өкіміне қарсы келе алмады. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын 1993 жылы бітіріп, 1994 жылдың сәуір айынан бастап алғашқы еңбек жолына қадам басады.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ бұрынғы М.Әуезов атындағы педагогикалық институт кезінен бастап, 1994-2008 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ-ның «Саз және ән айту» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы болды. Алғаш бастауыш пәні мұғалімдерін даярлау кафедрасы құрамында музыкалық үйірме болып ашылған мамандық 1994 жылы жеке отау болып бөлініп шықты. Яғни, дербес кафедра жасақталды.
Университет қабырғасында ашылған тарихи «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінің де алғашқы қарлығаштары Алена Төребекқызы, Ләззат Әріпбаева сияқты қобызшы-домбырашы өнерпаздар еді.