Zhanibekov university logo

Бітіруші курс білім алушыларына жұмысты өтеу міндетін түсіндіру мақсатында кездесу ұйымдастырылды

Қар. 27, 2024, 6 Т.Ж. Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Астана қаласындағы «Қаржы орталығы» АҚ-ның жетекші маманы Ақзира Серікқалиқызымен бітіруші курс білім алушыларына жұмысты өтеу міндетін түсіндіру мақсатында кездесу ұйымдастырылды.
Ақзира Серікқалиқызы жиынға қатысушыларға бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша үш жылдық немесе екі жылдық не оқу мерзіміне сәйкес міндет белгіленгендігін айтып, педагогикалық мамандықтар жұмысты өтеу міндетін білім беру мекемелерінде атқару керектігін ескертті. Бұл талап "Білім туралы" ҚР Заңының 47-бабының 17-тармағымен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы (мемлекеттік тапсырыс) негізінде оқыған білімгерлерге қойылады.
Жұмысты өтеу міндетінен босатылатындар:
-жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін елді мекенде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда;
-бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
-магистратураға, докторантураға одан әрі оқуға түскен, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға түскен азаматтар;
-жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оларды өздері тәрбиелеп отырған азаматтар.
Білім алушылар тарапынан өзекті сұрақтар қойылды. Солардың бірі ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан жағдайда мемлекеттік тапсырыс негізіне ауысқан уақыт пен оқуды аяқтаған уақытты жұмыспен өтеу мерзімін анықтау формуласына сәйкес есептелінетіндігі түсіндірілді.
Бұл сұрақтар бойынша қосымша ақпаратты «Қазына» ғимараты, «Talant» апгрейд орталығы 313 кабинеттен алуға болады.