Zhanibekov university logo

«ҰЛТ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН «АҚ ЖОЛ» ЖӘНЕ ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ

Жел. 2, 2024, түсқайта Медиа Орталық


Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ақын, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына орай «Ұлт аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция қонақтары алдымен университеттің археологиялық жасағының көрме орталығы мен Өзбекәлі Жәнібеков орталығымен танысты. «Қазақстан» мәжіліс залында өткен пленарлық мәжілісті университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Директорлар кеңесінің төрағасы Оразалы Сәбден құттықтау сөзбен ашты.
Қаламгердің тарихи зерттеулеріне ғылыми баға берген филолог және тарихшы ғалымдар Мұса Йылдыз, Баршагүл Исабек, Кенжехан Матыжанов, Бауыржан Жақып, Ханкелді Әбжанов, Бақтиер Хасанов, Дина Аманжолова, Сұлтан хан Жүсіп, Айнагүл Джоошбекова түрлі тақырыпта баяндамалар жасады. Ал, секциялық мәжіліс Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық әлеміне, «Ақ жол» газеті және қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары тағдырына, ұлттық таным мен тарихқа арналды. «Көктеммен қоштаспаған жаз» кітабының тұсаукесері болып, мерейтой иесі университет ауласына ағаш отырғызды.
Халықаралық конференция қаламгердің шығармашылық болмысына жаңа сипат берген ғылыми жиын болды. Ғалымдар Ханбибі Есенқарақызын «Ақ жолдың ақ тілекті жоқтаушысы, қуғын-сүргінге ұшыраған халық ағартушылары тарихын кеңінен насихаттаушы деп танып, «Ақ жол» газетіне қазақ еліндегі сөз бостандығының соңғы қарлығашы деп баға берді. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен және еліміздің өңірлерінен барлығы 50 шақты зерттеу материал келіп түсті. Конференция материалдары алдағы уақытта жинақ болып жарық көрмек.