Zhanibekov university logo

«АНАЛАР» МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Жел. 6, 2024, 5:44 Т.Қ. Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Аналар» мектебі ашылды. Мектептің ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи қатысып, мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсенкүл Боповаға арналған «Қызмет пен Құрмет» атты көрмемен танысты. Университеттің үйірме орталықтары жасаған, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бұйымдар да көздің жауын алып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл сыйлады. Ал, Өзбекәлі Жәнібеков орталығы дәстүр-салтымыздың шырақшысындай келушілерге ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертті.
Мектептің ашылуы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаидың Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелерімен кездесуіне орай жоспарланған. Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева : «Оңтүстікте ғасырға жуық уақыт мұғалім даярлап келе жатқан біздің оқу орнында оқытушылар мен студенттердің басым көпшілігі қыз-келіншектер. Қыз оқыса халық оқиды деген ұстаныммен болашақ ұлт тәрбиешілері үшін ашылып отырған Аналар мектебінде ұлттық педагогика негіздеріне басымдық береміз» дейді.
Жоба аясында психологиялық қолдау орталығының басшысы Г.Айтжанова «Жүйелі отбасылық психотерапиясы» атты психологиялық тренинг өткізді. Ә.Ахабаев атындағы мәжіліс залында «Күй құдіреті» атты тағлымды шара өтті.