Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің бакалавриат және магистратура білім алушылары Чехияда кредиттік академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуды бастады. Білім алушылардың халықаралық академиялық ұтқырлығын қолдау және ынталандыру мақсатында университеттің арнайы қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан бірегей бағдарлама Оломоуц қаласындағы Палацк университетінде бір айға жалғасады. Осы аралықта білім алушылар «Research in Education and Teaching Methods» пәні бойынша білім алып, интенсивті түрде толық кредиттерді меңгеріп келеді.
Бағдарлама жан-жақтылығымен ерекшеленеді: мұнда білім алушылар пән кредиттерін игеріп қана қоймай, мәдени-тарихи білімдерін де жетілдіре алады. Сондай-ақ, тәжірибелік тұрғыда Чехияның білім беру жүйесімен, білім беру орындарымен танысып, елдегі жүйемен салыстыра отырып зерттеу мүмкіндігіне ие болады.
Бағдарламаның алғашқы аптасында білім алушылар аудиториялық дәріс сабақтарымен, Оломоуц қаласымен танысумен қатар, Пршеров қаласындағы Ян Коменскийдің мұражайына барып үлгерді. Болашақ педагогтар үшін бұл танымдық сапар ерекше мәнге ие. Себебі Ян Амос Коменский заманауи педагогиканың атасы, педагогиканың жеке пән ретінде қалыптасуына бірден бір үлес қосқан тұлға, үздіксіз білім беру концепциясының негізін қалаушы, мектепке дейінгі білім мен тәрбиенің жүйесін құрушы ретінде белгілі.
Сондай-ақ, білім алушылар Оломоуц қаласындағы Слован гимназиясына барып, ондағы мұғалімдер мен оқушылардың күнделікті өмірімен, сабақтар барысымен танысып, чех халқына еліміз бен оқу орнымызды таныстыру мақсатында арнайы дайындаған презентациялары бойынша баяндама жасап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызды. Осылайша, олар жырақта жүріп оқу ордамыз бен қазақы ұлттық құндылықтарымызды да дәріптеп жүр.
Халықаралық бағдарлама білім алушыларға болашақ кәсіптерінде кеңінен пайдаланатын жаңа білімдер, тың ақпаратқа бай, мол тәжірибе береді деген сенімдеміз.