Zhanibekov university logo

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ERASMUS+ ОФИСІНІҢ КООРДИНАТОРЫ ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ

Қаз. 17, 2024, түсқайта Медиа Орталық


Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне Қазақстандағы Ұлттық Erasmus+ офисінің координаторы Лаура Палуанова ресми сапармен келді. Сапардың мақсаты – университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларына Erasmus+ бағдарламасы туралы ақпарат беріп, осыған қатысты өзекті мәліметтермен қанықтыру.
Erasmus+ бағдарламасы – білім беру, кәсіби даярлау, жастар саясаты және спорт салалары бойынша 35 жылдан бері сәтті іске асырылып келе жатқан Еуроодақтың жетекші әрі бірегей бағдарламасы. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Қазақстандағы Ұлттық офистің координаторы алдымен университеттің кампусымен, ондағы маңызды орталықтармен танысып, факультеттерде халықаралық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәліметтер алды. Танымдық кездесу инфосессияларға жалғасты.
Алғашқы ақпараттық сессия «Erasmus+ бағдарламасы және оған бәсекеге қабілетті жобаларды дайындау» бойынша профессор-оқытушылар құрамына арналды. Сессияда жалпы Erasmus+ бағдарламасы туралы, Қазақстандағы Ұлттық Erasmus+ офисінің жұмысы туралы танымдық ақпараттар беріліп, Erasmus+ 2021-2027 жылдарға арналған жоспары таныстырылды. Кредиттік ұтқырлық бағдарламалары, жоғары білімнің әлеуетін арттыру жобалары, Erasmus Mundus Joint Masters бағдарламасы аясында бірлескен магистрлік бағдарламаларды жүзеге асыру, Еуроодақты зерттеуге бағытталған зерттеулерге негізделген Жан Моне жобаларын іске асыру және осы бағдарламалардың қаржыландырылу көлемі мен өтінім беру дедлайндары, әлеуетті жобалар дайындау бойынша нұсқаулықтар мен лайфхактар ұсынылды.
Білім алушыларға арналған «Erasmus Mundus Joint Masters бағдарламасы (EMJM) – Еуропаға жол» сессиясында студенттерге Еуропадағы бірегей бірлескен магистратура бағдарламасы туралы құнды мәліметтер берілді. Сессия соңында студенттер бағдарламаға өтініш беру кезінде пайда болатын сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Инфосессия білім алушылар тарапынан өте жоғары қызығушылыққа ие болып, Еуроодақтың ұсынып отырған үлкен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Еуропаның алдыңғы қатарлы ЖОО-ларында білім алуға, одан жинақталған тәжірибелерін елге сіңіруге деген ынтасын арттырды.