Салтанатты шара бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру мамандығы білім алушыларының патриоттық көрінісімен ашылды. Сахнаға еліміздің Көк туы әкелініп, Әнұраны орындалды. Бұдан кейін университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева құттықтау лебізін білдіріп, баяндама жасады.
— Республика күні – тәуелсіз Қазақстанның тарихи
кезеңдерін еске салып, елдің даму жолындағы жетістіктерін дәріптейтін айрықша мереке. Маңызды мереке қарсаңында біздің білім ордамызда да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мерекенің мән-маңызын жастарға ұғындыру мақсатында оқу орнымызда апталық жарияланды. Оның аясында кітап көрмесі, қолөнер, бейнелеу өнері, инновациялық көрмелер ұйымдастырылды.
Әрбір факультет пен топтарда отаршылдықпен күрес жолындағы мыңдаған ұлт-азаттық көтерілісте төгілген бабаларымыздың киелі қанының текке кетпегенін ұғындырған, әрі ендігі жердегі ел болудың қамын ойлайтын ұрпақ өсіру мен олардың рухын көтеретін мереке ретіндегі тарихи күннің мәнін түсіндірген шаралар өтуде, — деген Гүлжан Дәулетбекқызы мереке қарсаңында орын алып жатқан тарихи оқиғаларды атап өтті.
Мерекелік шара аясында ұйымдастырылған түрлі байқаулар бойынша апталық жеңімпаздары, басқа да үздіктен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Шымкент қалалық ұйымының төрағасы Лариса Тұрғынбаеваның және «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.